АСТАНА, 2 желтоқсан - Sputnik. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Қаңтар айының 5-нен 6-на қараған түні сотталушы (қайтыс болған) О. Тараз қаласында қалалық әкімдік ғимаратының мүлкін жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан.
Сотта жасөспірімнің әскери қызметшілерден ғимараттан кетулерін талап етіп, әкімдікпен бірге өртеп жіберемін деп қорқытқаны анықталды.
Оның іс-әрекеті куәгерлермен және сот-медициналық, криминалистикалық, баллистикалық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.
Прокурор сотталушы О.-ны қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамай, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін кінәлі деп тануды сұрады.
Сотталушының өкілі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен келіспейтінін айтты.
Сот айыпталушының қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамай, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін кінәлі деп таныды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.