Өңірлер

Жамбыл облысында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды – видео

Sputnik
АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Жамбыл облысында есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірдің полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп этносаралық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты ауқымды арнайы операция жүргізді. Полиция бұл операцияға ұзақ уақыт дайындалған.
Анықталғандай, қылмыстық топ мүшелері Жамбыл облысында аса ірі мөлшерде героин сатумен айналысқан.
30 қарашада қылмыстық топтың 6 мүшесі бір уақытта ұсталды. Тінту барысында күдіктілерден 1 келі 280 грамм героин, сондай-ақ гашиш, кептірілген марихуана және синтетикалық есірткі тәркіленді.
Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қажетті сараптамалар белгіленіп, тергеу жүргізілуде. Қазіргі таңда полиция есірткінің облыс аумағына түсу арналарын анықтау бойынша шараларды қолға алды.