"Лукойл" мұнайды Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы экспорттайды

Sputnik
АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. "Лукойл" компаниясы санкцияларға байланысты желтоқсаннан бастап Каспийдегі кен орындарында өндірілген мұнайын Каспий құбыр желісі консорциумы жүйесі арқылы экспорттайды, деп хабарлады Рейтер ақпарат көздеріне сілтеме жасап.
"Ресейлік "Лукойл" желтоқсан айынан бастап Батыстың санкцияларына байланысты Каспийдегі кен орындарынан мұнайды Баку – Тбилиси – Джейхан (БТД) құбыр желісі арқылы экспорттауды тоқтатып, оны Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) жүйесіне қайта бағыттайды", - деп хабарлады агенттік.
"Ресей мұнайы санкцияларға байланысты БТД құбыр желісінен кетеді. БТД ресейлік мұнайды өткізбей жатыр", - деді ақпарат көздерінің бірі.
Агенттікке сұхбат бергендердің айтуынша, БТД-ның батыс акционерлері осындай шешім қабылдаған.
Еуропалық санкциялардың алтыншы пакеті Ресейден импортталатын мұнайға біртіндеп эмбарго енгізуді қарастырады. 5 желтоқсанда Ресей мұнайын теңіз арқылы тасымалдауға тыйым салу күшіне енеді.
Argus агенттігінің хабарлауынша, "Лукойл" Каспий кен орындарынан "Юрий Корчагин" танкері арқылы Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) сауда бөлімшесі Socar Trading компаниясына айына 60-120 мың тонна шикізат жеткізген. Socar Trading өз кезегінде БТД арқылы жіберу үшін Сангачалы терминалына ресейлік мұнайды танкермен жөнелтетін.
КҚК арқылы мұнайды экспорттауға санкция қарастырылмаған. Желтоқсан айындағы алдын ала жүк тиеу жоспары және Рейтер агенттігінің есептеуі бойынша "Лукойлдың" КҚК арқылы мұнай экспорты қарашадағы 364 мың тоннадан желтоқсанда 660 мың тоннаға дейін өседі.
БТД-ның өткізу қабілеті тәулігіне 1 миллион баррельді құрайды, бірақ ол толық пайдаланылмайды. Биыл экспорт тәулігіне 660 мың баррель деңгейінде жоспарланған. БТД мұнайының негізгі экспорттаушылары – Socar (ГНКАР), BP, MOL, Exxon және TPAO.