Ауаның ластануынан әлемде жылына 1 млн нәресте өлі туады – ғалымдар

Sputnik
АЛМАТЫ, 1 желтоқсан – Sputnik. Қытайлық және америкалық ғалымдар әлемде жыл сайын миллионға жуық бала өлі туатынын айтады. Оған ауаның тым ластанып кетуі себеп, деп хабарлайды BBC ақпарат агенттігі.
Nature журналында жарияланған жаңа зерттеудің авторлары алғаш рет ауадағы микробөлшектердің жоғары концентрациясы ұрықтың өлуіне қаншалықты әсер ететінін анықтады.
Ғалымдар 1998-2016 жылдар аралығында табысы төмен және орташа 54 елде босанған 45 мың әйелдің деректерін зерттеген. Нәресте өлі туатын өңірлердің көш басында Азия, Африка және Латын Америкасы елдері тұр. Жалпы сәби өлімі 137 елде тіркелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2019 жылғы мәліметінше, зерттеу жүргізілген елдерде әрбір жаңа туған мың нәрестенің кем дегенде 10-ы өлі туады, оның саны 30-ға дейін ұлғаяды.
Соңғы жылдары ұсақ бөлшектердің ананың өкпесінен плацентаға қалай түсетінін көрсететін басқа бірнеше зерттеу жасалған. Бұл бөлшектер эмбрионның өкпесінде, бауырында және миында да кездеседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылы жаңартылған ұсынысы бойынша PM 2,5 бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы текше метріне 5 мкг, ал орташа тәуліктік нормасы 15 мкг аспауы керек.
Нәрестелер көп шетінейтін елдерде PM 2,5 деңгейі жоғары.
Зерттеуге жетекшілік еткен Бейжің университетінің ғалымы Тао Юэ: "ДДҰ ұсынған PM 2,5 деңгейін төмендету өлі туу жағдайларының санын айтарлықтай азайтып, тіпті өлімді болдырмауы мүмкін", - дейді.
Тао Юэнің айтуынша, көптеген елде өлі туумен медицина арқылы күреседі, қоршаған ортаға байланысты қауіп факторлары ескерілмейді.