АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Көпқабатты үйдегі өрттен үш адамды аман алып қалып, ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімі Астананың Есіл ауданындағы көшелердің біріне беріледі.
"1 желтоқсандағы Астана ономастикалық комиссиясының отырысында Есіл ауданында (Үркер ТМ) орналасқан Е-583 көшесіне адамдарды құтқарған және өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін беру туралы шешім қабылданды", - деп атап өтті қала әкімдігі.
Сондай-ақ Есіл ауданында өрт сөндіруші Саят Абеев пен полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен аталған көшелер бар, олар гранатаны кеудесімен жауып, террористі залалсыздандырды.
Сондай-ақ Асқар Забикулиннің есімін батыр қызмет еткен №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне беру ұсынылды; мекеме алдына бюст орнату керек. Сонымен қатар Асқар Забикулиннің естелік суретін Астана қаласының А.Пушкин көшесінде орналасқан "Құтқарушылар саябағындағы" ақпараттық тақтаға орналастыру туралы шешім қабылданды. Бұл саябақта бұрын қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат орналастырылған.
Қаланың ономастикалық комиссиясының отырысында қаралған ұсыныстар қарау үшін Астана мәслихатының тұрақты комиссияларының жария тыңдауларына, Астана қоғамдық кеңесінің қарауына жіберіледі.
Бұған дейін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын. Пәтер Асқардың жұбайына жеке меншікке берілді.
Құтқарушы Аян Кемпіровтың отбасына ипотеканы өтеуге көмек көрсетілді. Оның сомасы 24 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтың 6 миллион теңге несиесі өтелді. Көмек демеушілік қаражат есебінен көрсетілді.