Алматы облысында апат салдарынан үш ауылдың тұрғындары газсыз қалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 30 қараша - Sputnik. Алматы облысында магистральдық құбырдағы апатқа байланысты бес мыңнан астам тұрғын үй газсыз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
30 қарашада кешке Панфилов ауылындағы газ құбырына құлаған ағаш апатқа себеп болған. Салдарынан Панфилов, Тұздыбастау және Гүлдала сияқты ірі елді мекендердің тұрғындары жылусыз қалды.
"Қазір монтаж жұмыстары аяқталып қалды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көгілдір отын қысымын қалыпқа келтіру үшін тұрғын үйлерді газға қайта қосу белгіленген талаптарға сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Содан кейін мамандар тұрғын үйлер мен аулалардағы барлық газ қондырғыларын тексереді", - деді Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов.
Алматы облысының әкімдігі Талғардағы газ құбырының жарылуына байланысты оқиғадан кейін қалпына келтіру жұмыстары мұқият бақылауда екенін айтты.