АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Парламент мәжілісі иттердің ұлттық тұқымын сақтау және өсімін молайту туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы президенттің тапсырмасымен әзірленді. Құжатта негізгі ұғымдар, соның ішінде "ұлттық қазақы ит тұқымдары – бекітілген стандартқа сәйкес келетін қазақы тазы мен қазақы төбет" ұғымдары ашылды.
"Тазы мен төбет – қазақтың байырғы ит тұқымы, ұлттық мақтаныш, қазақ халқының ұлттық қазынасы, оның мәдени-тарихи құндылығы. Бұл тұқымдар біздің тарихымызбен байланысты және олардың шығу тегі ғасырлар бойы қалыптасқан. Бүгінгі таңда қазақ ит тұқымдары генофондының нашарлау үрдісі ғана емес, сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде толық жойылу қаупі бар. Оған қазақы ит тұқымдары генофондының жай-күйін бағалау, олардың генетикалық бейінін жасау бойынша ғылыми зерттеулердің болмауы, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың болмауы себеп болып отыр", - деді мәжіліс депутаты экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рахымжанов.
Осы проблемаларды шешу үшін заң жобасында қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленіп, уәкілетті органның құзыреті бекітілген.
Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайтуды қамтамасыз ету мақсатында иттердің ұлттық тұқымдарының Ұлттық орталығы құрылады.
Ұлттық орталықтың құзыретіне мыналар кіреді:
иттердің ұлттық тұқымдарының асыл тұқымымен жұмыс істеу бойынша сарапшылар мен мамандарды кинологиялық қызметке оқыту жөніндегі жүйелі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;
асыл тұқымды иттерді іріктеу және таңдау, олардың жұмыс істеу қасиеттерін сақтай отырып, иттердің ұлттық тұқымдарын өсіру;
кинологиялық қызметтің әртүрлі мәселелері бойынша уәкілетті органға – стандарттар, сынақтар, жарыстар, көрмелер, байқаулар, кешенді бағалау қағидалары, иттердің ұлттық тұқымдарының бірыңғай тұқым-тегі кітаптарын жүргізу, асыл тұқымды ит куәліктерін беру туралы ұсыныстар енгізу;
түрлі дәрежедегі, оның ішінде халықаралық дәрежедегі сынақтарды, көрмелерді, байқауларды, жарыстарды ұйымдастыру және өткізу.
Мемлекеттік қолдау қазақы ит тұқымдарын, соның ішінде Ұлттық орталықты сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті қаржыландыру жолымен жүзеге асырылады. Осы салада жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктер осы бағыттағы қызметті ілгерілетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алады.
Сондай-ақ заң жобасында Қазақстанның ғылыми ұйымдары жүзеге асыратын қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі норма көзделген.
"Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет болады. Бұл сома 2022 жылғы 18 қазанда Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты", - деді Рахымжанов.
Заң жобасы тазы және төбет тұқымдарының гендік қорын сақтауға, дамытуға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдау үшін құқықтық негіз құрады.