Мәжіліс Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін тағайындады

Sputnik
АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Михаил Бортник, Юлия Энгель және Рүстем Нұрпейісов Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі болып тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жоғары аудиторлық палата Есеп комитетінің орнына құрылған болатын.
Конституцияның 57-бабына сәйкес парламенттің әр палатасы Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.
Осыған орай, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі қызметіне Михаил Бортник, Рүстем Нұрпейісов және Юлия Энгельдің кандидатураларын ұсынды. Депутаттар кандидаттарды қолдап дауыс берді.

Михаил Бортник туралы не білеміз

Михаил Бортник 1960 жылы туған. Павлодар индустриялды институтын және Орта Азия университетін бітірген.
Еңбек жолын 1982 – 1986 жылдары Шевченко қаласындағы пластмасса зауытында техникалық жабдықтарды жөндеуші қызметінен бастады.
Сондай-ақ Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, сенат депутаты қызметтерін атқарды.
2020 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарып келді.

Рүстем Нұрпейісов кім

Рүстем Еслямбекұлы Нұрпейісов 1971 жылы туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін және Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1988 – 1994 жылдары Көкшетау облысының "Авангард" совхозынан бастаған.
Рүстем Еслямбекұлы еңбек жолының маңызды кезеңдерінде Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында бірқатар қызмет атқарды.
Сондай-ақ 2002 – 2021 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі аудит департаментінің директоры болды.
2021 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін – Есеп комитетінің мүшесі.

Юлия Энгельдің өмірбаяны

Юлия Федоровна Энгель 1982 жылы туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін және Мәскеу қаласындағы Қазіргі заманғы гуманитарлық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы жеке ұйымдарда заңгер-консультанты қызметінен бастаған.
2008 – 2021 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде қызмет етті.
2021 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарып келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет екенін айтты. Осы орайда президент Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды. Палатаның төрағасы мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп береді.
Бұған дейін Тоқаев Наталья Годунованы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы лауазымына тағайындады.
Сондай-ақ президенттің жарлығымен Тілеген Каскин мен Ардақ Теңгебаев Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі атанды.