USAID ТМД елдерінде жобаларды қаржыландыруды арттырды

Sputnik
МӘСКЕУ, 29 қараша – Sputnik. 2022 жылдың екінші жартыжылдығында АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы ТМД елдерінде "демократияны қолдауға" қарастырған қаржыландыру көлемі 248 миллион долларды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы USAID бұл елдерге 243 миллион доллар бөлді.
Ең көп грант иеленгендер Армения, Грузия және Молдова болғанымен, Орталық Азия елдері де назардан тыс қалған жоқ. Ал "гуманитарлық сұңқарлардың" (USAID агенттігінің басшысы Саманта Пауэр өзін осылай атайды) басты мақсаты – жастар мен журналистер.
Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында Грузияда білім беру мақсаттарына USAID 15 миллион доллар бөлді. Бұл ретте агенттік жобаларында "гендерлік стереотиптерді" жою қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Америкалықтар мұғалімдерді қайта даярлау арқылы грузин білім сапасын арттыруды көздеп отыр. Жергілікті оқу орындарындағы журналистика саласының ұстаздарына 250 мың доллар грант берілді.
Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің доценті Евгения Войко агенттіктің жастар мен БАҚ-қа салған инвестициясы туралы былай деді: "Алғашында Украинаға қатысты тура осылай болды".
USAID "экономикалық демократияландыру" бағытында 2021 жылы Грузияда құны 330 миллион доллар болатын бес жылдық бағдарламаны іске қосты. Бұл салымдардың ресми жарияланған мақсаты – Ресейдің экономикалық ықпалын азайту.
USAID Армениядағы "демократияны дамыту" және "БАҚ тәуелсіздігі" үшін биылғы жылдың екінші жартыжылдығында елге екі ірі грант – 120 миллион доллар және 4 миллион доллар бөлді.
Жергілікті БАҚ-та Ресейге қарсы бағытты сақтау USAID агенттігінің посткеңестік кеңістіктегі елдердегі жұмысының ортақ мақсаты болып табылады. Алайда Молдова мен Орталық Азия елдерінде америкалық агенттік қаржыландыруда экономикаға ерекше мән береді. Дәлірек айтқанда, осы елдердің Ресеймен экономикалық байланысын әлсіретіп, тауар-ақша ағындарын қайта бағыттауға тырысады.
Осылайша, соңғы жарты жылда USAID Молдоваға 50 миллион доллар бөлді. Оның басым бөлігі Еуроодақпен сауданы кеңейтуге және тиісті көлік-логистикалық инфрақұрылымды құруға жұмсалады деп күтіліп отыр.
"Орталық Азияның ресейлік нарық пен экспорт бағыттарына тәуелділігін азайту ұзақ мерзімді басымдық болды, бірақ қазір бұл шұғыл қажеттілік", - деп жазылған америкалық агенттік сайтында.
Түркіменстанға, Тәжікстанға, Қазақстанға, Қырғызстанға және Өзбекстанға экспортты қайта бағдарлау үшін берілетін грантты 15,2 миллионнан 34 миллион долларға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл ақша Батыстағы контрагенттермен логистикаға көмек көрсетуге және байланыс орнатуға жұмсалады. Бүгінде Орталық Азия елдерінің негізгі сауда-экономикалық серіктесі Ресей болып табылады.