Сарапшылар "газ одағын" құру мәселесін талқылайды – Ақорда

Sputnik
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары мен Қазақстан, Ресей және Өзбекстан арасында "үшжақты газ одағын" құру туралы келіссөздерге қатысты түсініктеме берді.
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ақордаға журналистерден "Кремльде Тоқаев пен Путин арасында қандай үшжақты одақ талқыланды?" деген сауалдар түсіп жатқанын айтты.
"Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "үштік газ одағын" құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн", - деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Өзбекстанмен үшжақты одақ құру мәселесін қарастыруға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Тоқаев: Ресей және Өзбекстанмен үшжақты одақ құруды қарастыруға дайынмын