Қоғам

Іле-Балқаш резерваты алғаш рет Қызыл кітапқа енген құландармен толықты

Sputnik
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Алтын-Емел ұлттық паркінен "Іле-Балқаш" резерватына шамамен 50 бас құлан жеткізілді, деп хабарлайды экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.
Ортаға бейімдеу үшін жануарларды аумағы 22 гектар болатын арнайы қоршауға орналастырды. Құландар онда шамамен 5-7 ай болады, содан кейін тұяқтылар табиғи ортаға жіберіледі.
Сондай-ақ аталмыш аумаққа тағы да бұқар бұғылары әкелінді.
Резерват аумағына бұғыларды жерсіндіру 2018 жылы басталған болатын – сол жылы алғаш рет 5 тұяқты қоршау ішіне жіберілді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ 2019 жылы – 17 бас, 2020 жылы – 30, 2021 жылы – 53, ал биыл 54 бас бұғымен толықты, оның 15-і қазір – вольерде.
Қызыл кітапқа енген жануарлардың қозғалу аумағын бақылау үшін әр қоршау ішіне 2 фототұзақтан орнатылған.
Айта кетері, тұяқтылардың Балқаш ауданына оралуы жолбарысты Қазақстанға жерсіндіру бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. Оны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен бірлесіп, БҰҰДБ қолдауымен жүзеге асырады.