АЛМАТЫ, 29 қараша - Sputnik. Елордада жоғалып кеткен 23 жастағы жігітті полиция Қостанайдан тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл 21 қаңтарда күндіз жігіт үйінен шығып кетіп, сол күйі қайтып оралмаған. Полицияға жоғалған інісі туралы жігіттің әпкесі жүгінген. Іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары жоғалған азаматтың болуы мүмкін жерлерді зерттеп, оны соңғы рет көрген адамдардан сұрау алынды.
Нәтижесінде елорда тұрғыны Қостанай қаласынан табылды. Онда ол аспазшы болып жұмыс істеген және жалдамалы пәтерде тұрған. Құмар ойынға әуес болған жігіт белшесінен қарызға батқандықтан амалсыздан үйінен кетуге мәжбүр болған. Мұндай әрекет бұған дейін де бірнеше рет болған.
Қазіргі уақытта жігіт туыстарының жанында. Олар полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.