Білім

Аймағамбетов жайлы мектептердің ерекшеліктерін атады

2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушы орны ашылады, бұл мақсатқа 2,6 трлн теңге көзделіп отыр
Sputnik
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынатын білім ошақтары несімен ерекшеленетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы әзірленген болатын. Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушы орны ашылады. Бұған 2,6 триллион теңге қарастырылған.
"Бұл пилоттық жоба маңыздылығы мен ауқымдылығы бойынша бұрын-соңды болмаған, ерекше шара деп айтсам артық емес. Нақты айтқанда, жоба көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысымды және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.
Осы орайда министр жайлы мектептердің бірқатар ерекшелігіне тоқталды.
Біріншісі – бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, дәретханалары, спортзалдары болады.
Екіншісі – балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады.
Үшіншісі – оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар қарастырылған, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдай жасалады.
Төртіншісі – мектеп ең заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі.
Бесіншісі – арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады.
Алтыншысы – спортзал мәселесі. Мысалы, қазір 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана бар. Онда таңертеңнен кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал ашылады.
Жетіншісі – жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлері болады.
Сегізіншісі – жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдарға қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады. Әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулу үшін шеберханалар мен студиялар ашылады.
Бұған қоса, жайлы мектептердің сыртқы инфраструктурасы да назарға алынады.
Тағы бір ерекшелік – құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Яғни, еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыс барысымен және IP-камера арқылы онлайн режимде бақылап, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады.
Жаңа мектептер үшін құрылыс пен құрал-жабдықтың бірыңғай стандартын қолдану жоспарланып отыр.