АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Алматыда "AlanParking" және "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директорларына қатысты 500 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық тергеу аяқталды. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
"Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті "AlanParking" ЖШС директоры М. Базарбаевқа және "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директоры М.Пірінбековке қатысты 436 миллион теңгені жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі теергеуді аяқтады. Сотқа дейінгі тергеу барысында келтірілген шығын толық көлемде өтелді", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Агенттіктің хабарлауынша, қылмыстық іске негізгі қатысушы әрі ұйымдастырушы М. Боранбаевқа халықаралық іздеу жарияланған.
Осы жылдың сәуір айында "AlanParking" ЖШС басшысы Мұхтар Базарбаев пен "Алматы спецтехпаркинг Сервис" директоры Марат Пірінбековтің қамауға алынғаны хабарланды.
Сәуір айында ақылы автотұрақтар коммуналдық меншікке қайтарылды. 25 сәуірден бастап автотұрақтардан түскен барлық кіріс қала бюджетіне түседі.