АСТАНА, 28 қараша - Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастар тұрақтылықпен ерекшеленетінін және дамыған елдер енгізетін шектеулер жолымен жүрмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Орынборда кезекті өңіраралық форум басталды. Тоқаев пен Путин оған Мәскеуден онлайн режимде қосылды. Қазақстан президенті форумның биылғы тақырыбы - "Халықаралық сауданың инфрақұрылымдық шектеулерін алып тастау" қазіргі жағдайда өзекті болып тұрғанын ерекше атап өтті. Себебі халықаралық сауда саласында дағдарыс басталып кетті.
"Шынымен де, барлық шектеуді алып тастау мен саудада өзара тиімді жағдай жасау шаралары елдеріміздің сапалы экономикалық өсуіне жол ашады. Сондықтан біздің бүгінгі кездесуіміздің маңызы зор", - деді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы Бүкіләлемдік сауда ұйымының мәліметін келтірді. Оған сәйкес, либералды сауда келісімдерін жасаған ең дамыған әлем елдері соңғы жарты жылда экспорттық шектеулерді күшейтіп жіберді.
"Мәселен, G20 елдері биыл мамыр мен қараша аралығында сауда көлемі 160 млрд доллардан аспайтын тауарларға 47 шектеу енгізген. Соның ішінде экспортқа үнемі тыйым салу, қосымша лицензиялық талаптар, квоталар мен баждар бар. Осындай жағдайда Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жаһандық үдерістерден өзгеше болып тұр", – деп атап көрсетті Тоқаев.
Президент былтыр екі елдің дипломатиялық байланыстарына 30 жыл толғанын да еске салды. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Ресей мықты достық мен тату көршілікке негізделген өзара тиімді стратегиялық әріптестікті дамыта білді.