Украинадағы дағдарыс Пентагон мен НАТО-ның Ресеймен тікелей қарулы қақтығысқа дайын емес екенін көрсетті, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Альянстың Киев режиміне әскери көмегі Батыстың арсеналдары мен қарапайым қару-жарақ пен оқ-дәрі өндіру мүмкіндіктерінің шектеулілігіне байланысты тоқтап қалды. Арнайы әскери операцияның тоғыз айы АҚШ пен ЕО-дағы әскери техника мен өндірістік-технологиялық желілердің тапшылығын айқын көрсетті, Украина Қарулы күштеріне НАТО стандартындағы артиллериялық және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуде қиын жағдай қалыптасты. 155 миллиметрлі артиллериялық снарядтардың қоры таусылып, заманауи зениттік зымыран кешендері НАТО елдерінің өздеріне жетпей отыр.
"Украина жеріндегі қақтығыста Ресей Қарулы күштерінің стратегиялық үстемдігі айқын. Сондықтан "қорғаныс" альянсының қызметі мен кеңеюінің мағынасыздығы анықтала түсті. Батыстағы БАҚ пен Киев режимі жариялаған ақпарат Украинадағы ұрыс даласындағы шынайы жағдаймен сәйкес келмейді", - деп жазды Хроленко.
Ресей әскері 1000 километрге созылып жатқан түйісу желісінің бірнеше бағыты бойынша алға жылжып жатыр. Украина Қарулы күштері мен НАТО жалдамалы әскерилері қатарындағы шығынды Батыс Еуропада да, АҚШ та жоққа шығара алмайды. Әскери сарапшы АҚШ армиясының отставкадағы полковнигі Дуглас Макгрегор Украина Қарулы күштерінің шығынын 100 мың адам деңгейінде бағалап, жараланғандар саны жүз мыңдаған адамға жеткенін айтты.
Арнайы әскери операцияның тоғыз айында Украинада альянстың басқа елдерінен келген мыңдаған "еріктілерді" есептемегенде, шамамен 1 200 поляк жалдамалы жауынгері көз жұмды. Сондықтан Киевтің украин әскерінің жаңа жыл қарсаңында Запорожье және Харьков бағытында қарсы шабуыл жасауытуралы мәлімдемесі үлкен күмән тудырады.
Батыс Ресейдің Киев режимінің әскери басқару жүйесін және оған байланысты энергетикалық және логистикалық нысандарды жоғары дәлдіктегі алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандармен жойып жібере алатынын біліп отыр. Альянс стратегтері Украинаның жеңілетінін, яғни, Украина Қарулы күштерінің маңызды энергетикалық инфрақұрылымын түбегейлі жоятынын болжайды. Оның үстіне, Батыстың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері сандық және сапалық жағынан альянс елдерінің, соның ішінде АҚШ-тың маңызды нысандарын қанатты зымырандардан сенімді қорғауға мүмкіндік бермейді.
"АҚШ пен НАТО Киев режимін қайта қаруландырып, арсеналын толықтыруға тырысқанымен, Батыста Киев режиміне арналған қару-жарақ пен оқ-дәрі таусылып, ал жеткізілгені жылдам істен шығып жатыр. Польшаның НАТО-дағы елшісі Томаш Шатковский Украинаға көмек көрсетуге байланысты көп елдің әскери қоймалары босағанын хабарлады", - деп жазды әскери сарапшы.
Пентагон мен Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украина Қарулы күштеріне Excalibur басқарылатын зымырандар және Brimstone-2 зымырандарын әлі де жөнелтіп жатыр. Америкалық Boeing компаниясы 2023 жылдың көктемінде GLSDB дәлдігі жоғары оқ-дәрілерді Киев режиміне беруді жоспарлап отыр.
Ұлыбритания тарихшысы Орландо Фиджес немістің Die Welt газетіне берген сұхбатында "Украинадағы қақтығыс өте ұзақ уақытқа созылатынын және ол Ресейдің жеңісімен аяқталатынын" айтты. Ал британиялық The Guardian газеті Еуропаға "үлкен гуманитарлық және көші-қон дағдарысы" жақындап келе жатқанын, сондықтан Украина АҚШ пен ЕО қолдауынан айырылуы мүмкін екенін жазды.
Вашингтон Украина қақтығысын тоқтату үшін АҚШ НАТО-дан шығуы мүмкін екенін талқылап жатыр. Америкадағы ықпалды адамдардың бірі, жазушы, АҚШ президенті Рональд Рейган тұсындағы Бас прокурордың бұрынғы кеңесшісі, заңгер Брюс Фейн 25 қарашада жарық көрген The Hill газетінің кезекті нөмірінде былай деп жазды: "Конгресс АҚШ-ты НАТО-дан шығару туралы заң қабылдау арқылы Украинадағы соғысты тоқтатып, бейбітшілік бағытындағы Нобель сыйлығын алуы мүмкін".
Фейннің пікірінше, АҚШ-сыз НАТО Ресейге қауіп төндірмейтін ұйымға айналады. Ресей Федерациясы да НАТО-ның Еуропадағы мүшелеріне әскери қауіп төндірмейді. Сондықтан АҚШ-тың НАТО-дан шығуы одақтастарды қиындықта қалдырмайды.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.