АСТАНА, 28 қараша – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан қоғамдық кеңес құрылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Енді ғылым мен тіл саясаты саласындағы барлық шешім осы жерде талқыланады. Кеңес құрамына парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, оқытушылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері кірді.
Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысына ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, ведомствоның алдағы жоспарларына тоқталды.
"Жаңадан құрылған министрліктің алдына мемлекет басшысы үлкен міндеттер қойып отыр. Ғылым мен жоғары білім саласына қатысты барлық шешімді өздеріңіздің талқылауларыңызға ұсынамыз. Себебі қоғамдық кеңестің жұмысы арнайы заңмен айқындалған. Құзыреті де жоғары. Жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескеріп, бізге қолдау көрсетеді деп сенеміз", – деді министр.
Ғылым және жоғары білім саласында, сондай-ақ қоғамдық кеңес жұмысын жүргізуде тәжірбиесі мол қоғам қайраткері Серік Ырсалиев қоғамдық кеңес төрағасы болып сайланды.
Министрліктің салалық бағыты ескеріліп, 5 комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды:
Нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша комиссия төрағасы – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми кеңесшісі Жасұлан Шаймарданов;
Бюджет мәселелері бойынша комиссия төрағасы – мәжіліс депутаты Ирина Смирнова;
Ғылым мәселелері бойынша комиссия төрағасы – "QazBioPharm" ұлттық холдингі" АҚ басқарма төрағасы Күнсұлу Закария;
Жоғары білім мәселелері бойынша комиссия төрағасы – азаматтық қоғам өкілі Амантай Нұрмағамбетов;
Тіл саясаты мәселелері бойынша комиссия төрағасы – мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова.
Жиын соңында 3 жылға сайланған қоғамдық кеңестің төралқасы бекітілді.