АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Екібастұзда 18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылумен әлі қамтылған жоқ, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
Ведомство мәліметінше, Мәшһүр Жүсіп көшесі бойынша 5 "а" шағын ауданында қалпына келтірілмеген ақау бар. Өкінішке орай, 18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысанда әлі де жылу жоқ.
Жалпы Екібастұз қаласында 422,5 км жылу желілері бар. "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС балансында 342,3 км, олардың 91% тозығы жеткен. Қалада 689 көппәтерлі үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар.
"Қалпына келтіру жұмыстарына 138 адам және 35 техника жұмылдырылған. Бұған дейін анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылып, қазіргі уақытта жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. 6 қазандық агрегат жұмыс істеп тұр, резервте 4 қазандық бар", - делінген хабарламада.
Емдеу мекемелеріндегі температура 20-25ºС көрсетіп тұр.