Қоғам

Ақтөбеде полицияның жалған куәлігін жасап жүрген тұрғын ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 28 қараша - Sputnik. Ақтөбеде полиция куәлігін қолдан жасап жүрген қала тұрғыны ұсталды. Оның үйінен жүздеген куәліктің мұқабасы табылды, деп хабарлайды Polisia.kz .
Облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жалған куәлік жасаушыны ұстау үшін арнайы операция өткізді.
Ол компьютер, түрлі-түсті принтер мен ламинатордың көмегімен жалған куәліктерді оп-оңай жасап, қарапайым адамдарға сатып жүрген.
"Пәтерін тінту кезінде кеңсе жабдықтарынан басқа ішкі істер органдары қызметкерлерінің куәліктеріне арналған жүзден астам мұқаба тәркіленді. Күдікті жедел уәкілдің жалған куәлігін сату үстінде ұсталды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті сатып үлгерген жалған қызметтік куәліктерді анықтау және тәркілеу бойынша шаралар басталды.