Жамбыл облысында тоқтап қалған пойыздар қозғалысы қалпына келді

Sputnik
АЛМАТЫ, 27 қараша - Sputnik. Жамбыл облысында Шығанақ-Шу учаскесінің Қияхты-Хантау аралығындағы пойыздар қозғалысы қалпына келтірілді, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолының" баспасөз қызметі.
Жамбыл облысы Шығанақ-Шу учаскесінің Қияхты-Хантау аралығында байланыс болмағандықтан он пойыздың қозғалысы бүгін таңертең тоқтаған еді.
"20 м/с дейінгі қатты жел жүк пойызындағы бос контейнерді құлатты. Құлаған кезде контейнер байланыс желісінің бағаналарына зақым келтірді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", - деп нақтылады Ұлттық компания.
Салдарынан бес жолаушы мен бес жүк пойызы діттеген жеріне жете алмады. Пойыздағы жолаушылар оқиға туралы хабардар болды.
Олқылықты қалпына келтіруге Шу станциясының жөндеу бригадасы жіберілді. Төрт сағат жұмыс істегеннен кейін пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді.