Екібастұз жылу электр орталығында жағдай тұрақталды

Sputnik
АСТАНА, 27 қараша - Sputnik. Қалада орын алған коммуналдық апатты жоюға он бес шақты бригада жұмылдырылды. Оннан астамы ақауды жоюмен, төртеуі жаңа ошақтарды анықтауда, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
"Қазіргі таңда Екібастұз жылу электр орталығында жағдай тұрақталды. Штаттық режимде бес қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр. Оның үшеуі – су жылытқыш, екеуі – энергетикалық қазандық. Жалпы температура параметрлері 71-44 градус шамасында. Бұдан басқа, түнге қарай тағы бір су жылытқыш қазандық қосылады. Бұл температура параметрлерін реттеуге мүмкіндік береді", – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан маңызды шаралардың бірі - № 2 жылу магистраліндегі ақауларды жою. Қалада он бес шақты бригада жұмылдырылды. Оннан астамы ақауды жоюмен, төртеуі жаңа ошақтарды анықтауда. Қазіргі уақытта үш шағын аудан жылусыз отыр. № 2 жылу магистралі өшірілді. 130 шақты көп қабатты тұрғын үй мен жеке секторда 100 шақты үй жылудан ажыратылған.