АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова "толық емес" отбасылардың арендалық төлемін субсидиялауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін толық емес отбасылар "Бақытты отбасы" бағдарламасынан шығарылып, жылдық 2 пайызбен ипотека алу мүмкіндігінен айырылған еді. Бірақ олар 5%-тік несие беруді көздейтін "Шаңырақ" бағдарламасында қалдырылды.
Алайда, Ибрагимованың айтуынша, толық емес отбасылар бұған наразы. Отбасы банкке олардан әлі күнге дейін көп өтініш түсіп жатыр.
"Арендалық төлемдерді субсидиялау түрінде көмек алуға құқылы санаттар тізімін "толық емес отбасы" санатымен толықтыру ұсынылады. Бұл ретте мұндай отбасылардың жиынтық табысы соңғы жарты жылда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы шарт", - деді Ибрагимова сенатта өткен үкімет сағатында.
Оның пікірінше, бұл шара толық емес отбасылар арасында әлеуметтік шиеленісті төмендетеді.
Бұған дейін сенатор Серік Шайдаров баспанаға шынымен мұқтаж толық емес отбасыларға 2%-тік ипотеканы қайтаруды ұсынған еді.
Аренда төлемін субсидиялау
2022 жылы мамырда пәтер жалдау төлемін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылды. Мемлекет халықтың кейбір санатына жалдап тұратын баспананың ақысын төлеуге көмектеседі.
Бағдарлама халықтың тұрмысы төмен топтарына арналған. Оған мүгедектер, көпбалалы отбасылар, жетім балалар қатысады.
Субсидиялауға өтініш беру үшін отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. Яғни, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт.