Талдықорғанда 10 жыл бойы құлдықта жүрмін деген адамды полиция іздеп тапты

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Жетісу облысының полициясы он жыл құлдықта болған ер адамды тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірдегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жетісу облысында ер адам құлдықта жүргенін айтып, көмек сұраған видео өтініш әлеуметтік желіде тарады. Ол соңғы 10 жылда Қаратал ауданындағы шаруа қожалығында құлдықта болғанын мәлімдеді. Полицейлер видео авторы Үштөбе қаласының 44 жастағы тұрғынын іздеп тапты.
Ер адамның айтуынша, қожалық иесі оның отбасы мүшелерінің құжаттарын заңсыз иемденіп алған.

"Қазір ер адамның өтініші ресми түрде тіркелді. Осы фактіге қатысы бар шаруа қожалығының иесі, оның қызметкерлері, сондай-ақ жәбірленушінің туыстарынан түсініктеме алынды. Құжаттарды заңсыз иемденіп алған шаруа қожалық иесіне қатысты тергеу басталды", - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Қылмыстық іс аясында жәбірленушінің дәлелдері де тексеріліп жатыр. Ер адам мен оның қызына көмек көрсетіліп, Талдықорған өңірлік "Әйелдерді қолдау орталығы" қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұсынған тұрғын үймен, киіммен және тамақпен қамтамасыз етілген.
Іс бойынша барлық тергеу әрекеттері облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.