Оқиға

Қарағандыдағы автобус апаты: 19 жастағы қыз ауруханада қайтыс болды

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 қараша - Sputnik. Қарағандыда болған автобус апатынан зардап шеккен жолаушылардың бірі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Апат салдарынан 19 жастағы қыз көз жұмды. Ол ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қалуға бар күшін салғанымен, аман алып қалу мүмкін болмады.
Оқиға 25 қарашада таңертеңгі уақытта көпір үстінде болған. 41 және 146 нөмірлі автобустар бетпе-бет соғылды. №41 автобуста жолаушылар болмаған, тек 66 жастағы жүргізушісі Валерий Волков оқиға орнында көз жұмған. Ал 146 нөмірлі автобустың жолаушылары ауруханаға жеткізілді.
"11 адам ауруханада жатыр. Ал 12 адам амбулаториялық ем алып жатыр. Бір адам медициналық көмектен бас тартты. Өкінішке орай 19 жастағы қыз ауыр дене жарақатынан көз жұмды", - деп хабарлайды Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты.