АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Жаңа үйлерге берілетін ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау механизміне бюджеттен қаражат табылмай отыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол министрлік екінші деңгейлі банктен ипотека алған жағдайда, 7%-ін мемлекет тарапынан өтеу механизмін қарастырғанын атап өтті. Алайда айтуынша, келесі жылға бұл тетік бойынша қаржы бөлінбейді.
"Қазіргі таңда қаражаттың шектеулігіне байланысты біз келесі жылға өтінім берген едік. Алайда ол өтінім қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппады. Бәрі қаржыға байланысты болып отыр", - деп түсіндірді Дауылбаев сенат кулуарында.
Вице-министр егер қаражат табылса, ипотеканың сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау механизмі "7-20-25" бағдарламасымен қатар жүретінін айтты.
Субсидиялау тетігі қалай жұмыс істейді
Индустрия министрлігі әзірлеген бұйрыққа сәйкес, ипотека беретін банктердің сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық ставкасынан 5% аспауы керек.
Мемлекет сыйақы мөлшерлемесінің 7%-ін субсидиялайды, қалғанын пәтер иесі өзі жабады.
Несиелеу мерзімі – 20 жылға дейін. Бірақ субсидиялаудың максималды мерзімі 10 жылдан аспайды.
Ал бастапқы жарна өзгеріссіз қалып отыр: сатып алатын пәтер құнының кемінде 20%-і.
Халық ипотеканы салынып біткен жаңа пәтерге ғана емес, құрылысы аяқталмаған үйге де рәсімдей алады. Яғни сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау механизмі салынып жатқан тұрғын үйлерге де таралады.
Бұл ретте ипотека бойынша субсидиялау тетігі жер үйлерге қолданылмайды.