АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Өзбекстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Астанада Өзбекстанның мәдениет күндері өтті, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігі.
Қазақ тілінде тифлокомментарийлері бар "Шай" қысқаметражды фильмі көрермендер назарына ұсынылды. Мерекелік іс-шаралар аясында дөңгелек үстелдер, көрмелер мен шеберлік сабақтары өткізілді.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өткен Гала-концертте Өзбекстан Республикасының жетекші солистері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
"Бізді екі мың шақырымнан астам шекара ғана емес, екі мыңжылдық тарих біріктіреді. Сіздер бізге арнайы алып келген мазмұны терең, мағынасы бай бағдарламалар көші сол игі сабақтастықты жалғастырып отыр. Алайда қос тарап бұл рухани байланыспен тежеліп қалмауға тиіс. Алдағы уақытта мәдени алмасудан бөлек, бірлескен ортақ жобаларды жүзеге асыру қажет. Біз бұрыннан татулықты табысқа, бірлікті берекеге айналдырып келе жатқан ағайындас халықтармыз. Түбі бір түркі әлемінің қос қазығындай қазақ-өзбек қатынасы нығая беруіне шын жүректен тілектеспін",- деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Өзбек ағайын мәдениет және спорт министрлігіне іс-шараларды ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс айтып, қазақ елінің жобалары мен бастамаларына қызығушылық танытқанын жеткізді.