АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Алматыда алғаш рет жасанды жүрек имплантациясы жасалды, деп хабарлады Almaty.tv.
60 жастағы Ғаппар Қалиевті 2 жылдан бері жүрек функциясының жеткіліксіздігі мазалаған. "Ісіну мен ауыру жанымды қинайтын" деген науқас 38 күннен бері ауруханада. Жүрегі қан айдауда жеткіліксіз қызмет атқарғандықтан, о баста азаматтың жағдайы ауыр деп бағаланыпты. Абырой болғанда, көпті алаң қылған ота сәтті өткен.
"Ауру тоқтамады, кейіннен 1-2 айдан қайталана берді. Басым ауырады, түнде ұйықтамаймын, аяқтарымда, қарындарымда ісік болады. 24 сағат ұйықтамаған күндерім көп болды. Март айынан бастап қатты ауырдым. Өзіме сендім, қорыққан жоқпын", – деді науқас Ғаппар Қалиев.
Жаңа әдіс арқыл жүрек қанның бүкіл ағзада айналуына көмектеседі. Яғни, түтіктің біреуі қолқаға, екіншісі жүректің сол жақ қарыншасына қосылады. Ал мұндай жасанды жүрегі бар науқастың тамыр соғысы болмайды, бұл – басты ерекшелік.
"Егер адамның сол жақ жүрекшесі істемесе, сол кезде адамның жағдайын жақсарту үшін насос қойып, көмек жасаймыз. Бұл ота біздің өңірде бірінші рет жасалып жатыр. Бірақ мұндай науқастар өте көп. Көп ота жасалуы керек", – деді Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.
Жүрек имплантациясы Алматыда бірінші рет жасалды. Көмекші механикалық құрылғыны орнатуға Астанадағы Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталықтың мамандары да жұмылдырылған. Ал алматылық кардиохирургтар жүрек патологиясын емдеудің тың әдістерін әлі де енгізетінін хеткізді.
"Біздің мамандар отандық, шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтады. Жалпы, бұл отаға біздің ұжым өте ұзақ дайындалды. Сәтті өткен жүрек имплантациясы – біздің 3 жылдық еңбегіміздің нәтижесі", – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова
Жүрек имплантациясын күтіп жатқан тағы 1 науқас бар. Ол әзірге жансақтау бөлімінде. Азаматтың жағдайы отаға қауқарлы деп танылғанда кезекті имплантация қойылады.