АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Әкімдіктерде баспана кезегінде тұрған азаматтардың базасы "Отбасы банкке" беріледі. Әкімдіктер арқылы кезекке қою тоқтатылады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрлік тұрғын үй саясатын реформалау туралы жаңа заң жобасын әзірлеген. Қазір құжат парламент мәжілісінің қарауында.
Дауылбаевтың айтуынша, осы заң жобасы аясында есепке алу мен басымдықтарды анықтауға, сондай-ақ табысқа байланысты мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру тетіктерін өзгерту жоспарланып отыр. "Жаңа тетікке сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрғандардың ағымдағы базасы (623 мың адам) "Отбасы банк" АҚ-ға беріледі және әкімдіктер арқылы кезекке қою тоқтатылады", деді вице-министр сенатта өткен үкімет сағатында.
Аталған заң қабылданғаннан кейін Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Осы орталықтың базасында соңғы 10 жыл ішінде баспанасы жоқ барлық азамат кезекке тұрады.
Әрбір өтінімге отбасының табысын, мүлкі мен активтерін ашатын цифрлық портрет қалыптастырылады.
Дауылбаев өкілетті министрліктермен бірлесіп, "Отбасының цифрлық картасы" және "Smart Data Ukimet" ақпараттық жүйелерін қолдана отырып, кезекте тұрған азаматтардың кірісін, несиелерін, жылжымайтын мүлік меншіктерін қоса алғанда талдау бойынша жол картасы бекітілді.
"Нәтижесінде мұқтаждарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде жаңа атаулы тәсілдер әзірленеді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база болады", - деді вице-министр.
Айтуынша, Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын құру есепке қою және қарыз алу үшін, "тұрғын үйге мұқтаж" мәртебесін растау үшін "бір терезе" қағидатын қолдануға мүмкіндік береді. Яғни бірнеше инстанцияға жүгінудің қажеттілігі болмайды.
Отбасы банк жаңа тәсілдерге сәйкес:
Бірыңғай республикалық электронды базаны (ағымдағы база) жүргізу, мониторингілеу және өзектендіру;
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингілеу, өзектендіру жұмыстарын дербес жүзеге асырады.
Қазір кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін (жергілікті бюджет есебінен) және кредиттік тұрғын үйді бөлу есепке қою күні бойынша жүргізіледі.
Сондай-ақ өзектендірілген тізімді "Отбасы банктің" интернет-ресурсында жариялай отырып, тоқсанына кемінде 1 рет тізімдегі кезектілікті тексеру көзделген.