Президент ұлттық қордан 2023-2025 жылдарға бөлінетін трансферт туралы заңға қол қойды

Sputnik
АСТАНА, 24 қараша - Sputnik. Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023 – 2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді.
Бұл ретте заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары 42,2 – 40,3 доллар деңгейінде белгіленді.
"Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2,0 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды", - деді Қуантыров.