Қоғам

Ақтөбе әкімі лауазымын 1,5 млн долларға сатқан алаяқтарға сот үкімі шықты

Қылмыстық топтың бес мүшесі әртүрлі жазаға кесілді
Sputnik
АСТАНА, 24 қараша – Sputnik. Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты Ақтөбе әкімі лауазымын ақшаға сатқан алаяқтарға үкім шығарды.
Елордалық соттың ақпаратына сүйенсек, алаяқтар өздерін жоғары лауазымды тұлға ретінде таныстырған. Олар бір жәбірленушіге 500 мың долларға Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне тағайындауға уәде берген. Ал екінші жәбірленушіден дәл сол лауазым үшін 1,5 млн доллар сұраған.
Бірінші жәбірленуші параның бір бөлігін – 260 мың долларды беріп қойған. Бірақ екіншісі өзін алдап жатқанын түсініп, полицияға шағымданған. Алаяқтар 28 млн теңге мөлшерінде муляж ақшаны алып жатқан жерінен ұсталды.
Сотта екі сотталушы кінәсін мойындамай, ақтауды өтінсе, тағы екеуі кінәсін жартылай мойындаған, тек бір сотталушы ғана толығымен мойындады.
Судья қылмыстық топтың бес мүшесіне әртүрлі жаза тағайындады. Олар бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал кінәсін мойындап, тергеуге жәрдемдескен ер адам шартты түрде бес жылға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.