АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Жақын арада теңге рубльге шаққанда нығаюы мүмкін. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрден Мәскеу биржасында инвесторлардың жаппай теңгені сатып алуы ұлттық валютаға қалай әсер ететінін сұрады.
"Валюта Мәскеу биржасында саудаланып жатыр, бұл жақсы көрсеткіш. Яғни теңгеге сұраныс бар деген сөз. Менің ойымша, бұл тренд теңгенің доллар мен басқа валюталарға қатысты нығаюына мүмкіндік береді. Ал бұл инфляцияға да оң әсерін тигізелі. Себебі біз тауарлар мен азық-түліктің бір бөлігін Ресейден тасимыз. Ал рубль – теңге паритетіне келсек, теңге нығаятын шығар", - деді Қуантыров кулуарда.
Айтуынша, дүрбелең кезеңдерді ескермегенде, жалпы теңге биыл айтарлықтай тұрақты валюта екенін көрсетті. Түрлі факторлардың ықпалынан дәл осы рубльге шаққанда теңге аздап құлдырады.
"Қазіргі факторларды ескере отырып, теңге күшейеді деп болжауға болады. Бұл экономиканың түрлі саласына да оң әсерін береді. Бір жағынан, негізгі сауда серіктестерінің валютасына шаққанда теңге бағамы түссе, бұл біздің экспорттаушыларымыз үшін жақсы. Өйткені өз өнімінің 80-90 пайызын экспортқа шығарып, тек 10 пайызын ішкі нарықта сататын кәсіпорындар бар. Мұның бәрі сұранысқа байланысты", - деді ведомство басшысы.
Ал бізде рубль массасы көбейіп кетпей ме деген сауалға: "Рубльмен не істейтінін Ұлттық банк өзі шешеді. Рубль тым көбейіп кетеді деп ойламаймын, себебі өз ұлттық валютамыз бар ғой. Қажет болса, Ұлттық банк қосымша көлемде шығаратын шығар. Жалпы біздің Ресеймен сауда айналымымыз үлкен. Ал біздің экономикаға рубльдің кіргені, теңгенің Мәскеу биржасында сатылып жатқаны қалыпты процесс. Онда тұрған ештеңе жоқ", - деп түйіндеді Қуантыров.