АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Алматы әкімдігіне қала маңындағы елді мекендердің мәселесін шешу үшін сырттан қарыз алуға рұқсат етіледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол бүгін мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған Агломерацияларды дамыту туралы заң жобасы Алматы қаласының әкімдігіне сырттан қарыз алу құқығын беретінін атап өтті.
"Мұндай мүмкіндік тек Алматы қаласына ғана беріледі. Бұл қаражат Алматы маңындағы агломерацияның аумағында орнықты орналасқан инфрақұрылымды дамыту жобаларына жұмсалуы керек. Ал оның лимиті бюджетті реттейтін нормаларға сай белгіленеді. Алматы қаласының бюджеттік мүмкіндіктері белгіленген. Демек, аталған мақсатқа алынатын сыртқы қарыздың лимиті сол белгіленген бюджет мүмкіндіктерінен аспауы шарт. Лимит осы негізде реттеледі", - деді Қуантыров мәжіліс кулуарында.
Министр аталған мақсаттағы қарызды Алматы әкімдігі тек теңгемен ғана ала алатынын мәлімдеді. Айтуынша, әкімдікке теңгемен қарыз беруге ниетті халықаралық ұйымдар бар.
"Дүниежүзілік банк тобы бар ғой. Оның IFC (International Finance Corporation) дейтін құрылымы бар. Осы IFC ұжымы Алматы қаласының әкімдігіне тиісті қаражат беруге дайын. Бірақ ол ұлттық валютамен беріледі", - деді ведомство басшысы.