Қостанай қаласында жерасты цехы анықталды – видео

Sputnik
АСТАНА, 22 қараша - Sputnik. Қостанай қаласында арнайы операция кезінде заңсыз алкоголь өнімдерін дайындайтын жерасты цехы анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, 21 қарашада Жамбыл көшесінде алкоголь өнімі салынған 150-ден астам жәшікпен екі ГАЗель ұсталды. Тергеу шаралары нәтижесінде Титов көшесінің бойындағы жеке үйде алкоголь өнімдерін шығаратын жасырын цех анықталды.
"Үйде 400 литр спирт, алкоголь құюға арналған 2,5 мыңнан астам бос бөтелке табылды. Сонымен қатар бес мыңнан астам қақпақ, үш спирт өлшегіш және сұйылтылған спирті бар сыйымдылығы 450 литр ыдыс, өлшеуіш колба және басқа да жабдықтар тәркіленді", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде барлық материал экономикалық тергеу департаментіне жолданды.