Өңірлер

Картоп – 130, ал қант – 459 теңге: Оралда азық-түлік арзанға сатылады

Sputnik
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Орал қаласында "Час пик" акциясы басталды. Шара аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік төмен бағаға сатылады, деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің баспасөз қызметі.
Үстеме бағасыз сатылатын өнімдерді "Алтындар" супермаркеттер желісінен сатып алуға болады.
Акция аптасына үш рет – дүйсенбіден сәрсенбіге дейін Орал уақытымен сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін өтеді. Акция аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 16 түрі үстеме бағасыз және нарықтағы орташа бағадан 10-15%-ке арзанға сатылады. Бірақ бұған бірінші сұрыпты ұн мен нан, сиыр еті кірмейді.
"Мысалы С1 санатындағы 10 тауық жұмыртқасы 510 теңгеге (орташа бағасы 550 теңгеден басталады), 1 литр күнбағыс майы 765 теңгеге (орташа бағасы – 850 теңге), қанттың бір келісі 459 теңгеге (орташа бағасы 540 теңгеден), сондай-ақ көкөніс – картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бағасымен бір келісі сәйкесінше 130, 125, 105 және 140 теңгеге сатылады. Облысты әлеуметтік-экономикалық қолдауға белсенді қатысқаны үшін "Алтындар" сауда желісінің басшылығы мен қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін", – деді БҚО сауда департаментінің басшысы Бақдәулет Ибраимов.
Айта кетері, "Алтындар" сауда желісі – Батыс Қазақстан облысының ең ірі сауда желісі.