Астанадағы көрмеге Ресейдің жетекші университеттері қатысады

Sputnik
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. 26-27 қарашада Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында (Русский дом, Кенесары көшесі, 39) "Ресейде білім ал" көрме-презентациясында Ресейдің үздік университеттері өз бағдарламасын ұсынады.
Қазақстандық түлектер мен олардың ата-аналары барлық саланы қамтитын 300-ден астам оқу бағдарламасын ұсынатын университеттердің өкілдерімен сұхбаттаса алады. Сонымен қатар оларды оқуға қабылдау ережелерімен таныстырады, шәкіртақыны қалай алуға болатыны және тағы басқа мәселелер туралы айтылады.
Сондай-ақ келушілерге ресейлік білім және оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы дәрістер мен презентациялар ұсынылады.
"Ресейдегі білім берудің бай, ғасырлық дәстүрі бар. Бүгінгі таңда барлық ресейлік жоғары оқу орны студенттердің қолайлы өмір сүруі мен оқуы үшін жағдай жасайды және олардың қызметтері қазақстандықтар арасында жоғары сұранысқа ие", - деп атап өтті Ресей ғылым және мәдениет орталығы.
Орталық мәліметінше, жыл сайын 20 мыңнан астам қазақстандық түлек Ресейдегі жоғары оқу орындарына түседі, ал олардың 40%-ке жуығы тегін оқиды.
Көрмені Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығы және "Білім және мансап" (Мәскеу) көрмелерін ұйымдастыру комитеті ұйымдастырып отыр.
Көрменің жұмыс уақыты: 26 қараша – 11:00-17:00; 27 қараша – 10:00-16:00. Кіру тегін.