Тоқаев үш елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесті

Sputnik
АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Тоқаев Түркия президентінің құттықтауы мен ізгі тілектері үшін шынайы алғысын білдіріп, бұған дейін қол жеткізілген келісімдер мен уағдаластықтардың маңызды екенін атап өтті.
Тараптар бауырлас елдердің ортақ мүддесіне сай келетін тың бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев те Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге ресми сапары кезінде қол жеткізген уағдаластықтар екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуда басты бағдар болатынын атап өтті.
Мемлекеттер басшылары сондай-ақ қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту жөніндегі бірлескен міндеттерді талқылады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті.
Мемлекет басшысы Пәкістан премьер-министріне құттықтағаны үшін ризашылығын білдіріп, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі екенін жеткізді.
Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы өзара сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқаны, энергетика және көлік секторларындағы ынтымақтастықтың кеңейе түскені атап өтілді.