Польшадағы зымыран жарылысына қатысты оқиғаға кереғар баға беру аясында Солтүстікатлантикалық альянс насихаттаған "ашық есік" саясатында қиындықтар туындады. Ұйымға мүше болу бірқатар шегіністерді қарастыратыны белгілі болды. Ал биліктің алдағы өзгерісі одақтастар арасындағы күрделі қайшылықтарды аййқындай түсті, деп жазды РИА Новости.
Швеция парламенті терроризмге қарсы күрес бойынша әлдеқайда қатаң шаралар туралы конституцияға өзгертулерді қабылдады. Бірақ бұл өз еркімен қабылданған шешім емес.
Мұны Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін қолдаудан бас тартқан Түркия талап етті. Анкара Стокгольмнің күрділерге қолдау көрсетіп жатқанынан наразы. Расында да күрділер қауымдастығының ықпалы зор, олардың өкілдері тіпті үкіметте де бар.
Финдарға қатысты наразылықтар айтарлықтай аз. Дегенмен, бұған дейін бейтарап болып келген скандинавиялықтар блокқа жұптасып кіруді ұйғарғандықтан Хельсинкиге де рұқсат бермей отыр.
"Швецияның 349 орындық бір палаталы парламенті Риксдагта 278 дауыспен қабылданған түзету біршама түсініксіз. Бұл "терроризмге қатысатын немесе қолдайтын болса, қауымдастықтар бостандығын шектейтін" заңдардың ықтималдылығы туралы болып отыр", - деп жазды мақала авторы.
Дегенмен, бір апта бұрын Анкараға сапары кезінде премьер-министр Ульф Кристерссон мұны үлкен серпіліс деп атады.
"Швеция құқық қорғау органдарына терроризмге қарсы күресте айтарлықтай көбірек күш беретін қадамдар жасап жатыр", - деді ол Режеп Тайып Ердоғанмен бірлескен баспасөз конференциясында.
Терроризмге қарсы күрес бойынша конституциялық түзету бұрынғы солшыл үкімет тұсында, сәуірде қаралды. Реформа мақұлдаудан өтпеді. Ал қазір оппозицияда тұрған солшылдар ғана бұл түзетулерге қарсылық білдірді. Бірақ олардың дауысы жеткіліксіз болды. Өзгертулер 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Сондықтан шведтер мен финдерге күтуге тура келеді. Бұған қоса, Түркиядан бөлек Венгрия да Скандинавия өтініштерін ратификациялаған жоқ.
Автордың пікірінше, Анкара терроризмге қатысы бар деген күдік тағылған күрділерді Швециядан шығаруды талап етіп отыр. Ал Венгрияның талаптары нақты емес. Олар Ресейге қарсы санкцияларды қолдауға құлықсыз, Украинаны қолдауда біржақтылықты ұстанбайды, Киевке миллиардтаған қаржы транштарын тежеп, жалпы серіктестер үшін көптеген қиындық туғызады.
Финляндия мен Швеция премьер-министрлері Венгрия мен Түркияны өз өтініштерін мақұлдауға шақырды. Кристерссон "Стокгольм альянстағы әрбір елдің өз бетінше шешім қабылдайтынын толық құрметтейтінін" атап өтті. Бірақ бұрынғы солшыл үкімет Түркиямен жазда жасалған меморандумның шарттарын ішінара орындап, қару-жарақ эмбаргосын алып тастап, Сириядағы күрдтер тобына қаржылық және басқа да көмектерге тосқауыл қойды.
Сарапшылар Стокгольмдегі оңшыл министрлер кабинетінің Анкарамен тіл табысуы оңайырақ болады деп есептейді. Мұны сыртқы істер министрі Тобиас Бильстром де жанама түрде растады. Оның айтуынша, басқарушы коалицияның күрд мәселесінде қызығушылығы аздау, ал алдыңғы колалиция жетекшісі Энн Линде күрділерге қоғамдық қолдау көрсетуі арқылы Түркиямен келіссөздерді қиындатып жіберді.
Будапештте де өзгерістер болып жатыр. Премьер-министр Гергели Гүләш үкімет ратификациялау құжаттарын ұлттық жиын қарауына ұсынғанын хабарлады. Бірақ бұл жағдайда да ескерілетін мәселе бар. Премьер-министр НАТО-ның кеңеюі Венгрияның ұлттық мүдделеріне сай келе ме, жоқ па деген мәселені талқылауы керек екенін айтты.
Қарашаның соңында Румынияда НАТО саммиті өтеді. Оған Украина, Грузия және Молдова да шақырылды. Киев пен Тбилиси үшін одаққа қосылу – стратегиялық мақсат. Ал Кишинев үшін бұл мәселеде қиындықтар бар. Молдова конституциясының 11-бабына сәйкес, "республика тұрақты бейтараптылықты жария етеді" және "өз аумағында басқа мемлекеттердің қарулы күштерін орналастыруға жол бермейді".
Бұл ретте Молдова НАТО-мен 16 жыл бұрын "Жеке серіктестік жоспарына" қол қойған. Бұл шын мәнінде одақтастық жолындағы екінші қадам, одан кейін "Жеделдетілген диалог" кезеңі және "Ұйымға қосылу бойынша іс-қимыл жоспары" жүргізіледі.
Альянстың қазіргі бас хатшысы Йенс Столтенбергтің өкілеттігі бір жылдан аз уақытта аяқталады. Ал, америкалық БАҚ хабарлауынша, одақтастар арасында бұл лауазым үшін күрес жүріп жатыр.
Вашингтондағылар Канаданың қаржы министрі, арғы тегінде укриандер бар 54 жастағы Кристиа Фрилендке көбірек назар аударып отыр.
"Бұрын журналист қызметін атқарған оның үлкен дипломатиялық тәжірибесі бар, Фриланд бес тілде сөйлейді. Сонымен қатар, әйел адамның жоғары лауазымды қызметке тағайындалуы бүгінгі күннің үлкен артықшылығы болып саналады. Батыс елдеріндегі жетекші орындарға әйелдер келгеннен кейін НАТО да гендерлік теңдік туралы да ойланып отыр", - деп жазды мақала авторы.
АҚШ өз кандидатын ұсынып отырған жоқ. Ал Еуроодақ Бас хатшы өз аумағынан шыққанын қалайды. Бұл таңғаларлық жайт емес. Себебі, НАТО-ға мүше 30 елдің 21-і еуропалық мемлекет. Ал Швеция мен Финляндия қосылса, бұл көрсеткіш 23-ке жетеді.
Еуропада Эстония премьер-министрі Кая Каллас, Словакия президенті Зузана Чапутова және 2015-2020 жылдар аралығында Хорватияны басқарған Колинда Грабар-Китарович, Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес сынды бірқатар лайықты тұлғалар бар. НАТО-да Бас хатшы формальді қызмет болғанымен, қабылданған шешімдер үшін қоғам алдында жауап беретін тек бас хатшы екенін ескеру керек.