АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Шетелде жүрген 11 360 қазақстандық кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді. Сыртқы істер министрлігі отандастардың белсенділігі жоғары болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
53 мемлекетте Қазақстан мекемелері жанынан 68 учаскелік сайлау комиссиясы ашылған болатын. Сайлаушылар тізіміне 12 841 адам енді.
"Шетелдегі барлық учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын аяқтады. Шетелдегі қазақстандықтар арасында дауыс беруде жоғары белсенділік байқалды. Қазақстанның 11 360 азаматы дауыс берді, бұл дауыс берушілердің 88,47%-і келгенін көрсетеді", - деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апта сайынғы брифингте.
Оның айтуынша, қазақстандық сайлаушылардың көпшілігі – 2600 азамат Ресейде дауыс берген. Сайлаушылар саны жағынан екінші орында Түркия тұр, 1423 қазақстандық өз таңдауын жасаған. Үшінші орында Өзбекстан, көрші елде 591 адам сайлау учаскесіне барған.
Смадияров кейбір елдерде дауыс беруге келген қазақстандықтарға, тіпті бюллетень жетпей қалғанын айтты. Өйткені отандастарымыз сайлау күні сол елде болатынын алдын ала ескертпеген.