Мектеп формасымен қамтамасыз етуге арналған платформа іске қосылады

Sputnik
АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Қазақстанда тұрмысы төмен отбасыларды мектеп формасымен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыру жоспарланып отыр. Индустриялық даму комитетінде жобаны іске қосу мәселесі талқыланды, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Пилоттық жобаны алдымен Астана қаласында, кейін еліміздің барлық өңірінде енгізіледі.

"Қазіргі уақытта "Әлеуметтік әмиян" платформасы арқылы ата-аналарға белгілі бір дүкендерде мектеп формасын сатып алуға кепілхат беру мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерге мектеп формасын сату үшін жеңілдікті шарттармен сауда нүктелері ұсынылғаны жөн", – деп атап өтті индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов.

Осыған байланысты отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру қажет, басты талаптардың бірі – ұлттық стандарттарға сәйкес өнім өндірісін анықтау.
Жоба нәтижесінде бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ мектеп формасын шығару бағытындағы отандық өндіріс көлемін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетері, тұрмысы төмен отбасыларға киім, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алуға көмек ата-ананың өтінішіне сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде ақшалай беріледі.