Алматы тұрғыны жүре алмайтын зейнеткерді өртеніп жатқан пәтерден алып шықты

Еркебұлан Жанахметов көрші "Шұғыла сити" тұрғын үй кешені ғимаратынан шыққан өртке кездейсоқ куә болып, адамдарға көмектесуге асыққан
Sputnik
АЛМАТЫ, 21 қараша – Sputnik. Операциядан кейін өз бетінше қозғала алмай жатқан қарт ер адам пәтеріндегі өрттің ортасында қалған, оны 20 қараша күні таңертең өртке кездейсоқ куә болған алматылық Еркебұлан Жанахметов құтқарып қалды.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Алматының Наурызбай ауданындағы "Шұғыла сити" тұрғын үй кешені корпустарының бірінде болған.
Өртті алматылық Еркебұлан Жанахметов байқап, дереу өртке қарсы қызметке хабарлаған.
Өрт сөндірушілерді күтпестен, біреуге көмек керек болып қалар деген оймен төтенше жағдай орнына жүгіріп барған. Ол қателескен жоқ.
"Алдымен газ құбырын жауып тастадым. Көрші бала пәтер өртеніп жатқан подъездің есігін ашып, таспен тіреп қойды. Сол кезде түтін басқан подъезден біреудің әлсіз дауысын естідім. Мен көшеде тұрғандарға бірге кіруді өтіндім, бірақ ешкімнің батылы бармады. Кіреберістен түтін шығып жатты, тыныс алу мүмкін емес еді. Мен демімді ішке тартып, тыныс алу жолдарын жауып, өртеніп жатқан пәтердің есігіне жақындадым, ер адамды далаға, қауіпсіз жерге шығардым", - деп еске алды Еркебұлан.
Кейін белгілі болғандай, жігіт аман алып қалған 72 жастағы ер адамға жақында ота жасалып, өз бетінше қозғала алмаған. Өрт басталғаннан кейін пәтерден шықпақ болған, бірақ әбден әлсіреп қалған, Еркебұлан Жанахметов көмектеспесе, түтінге тұншығып қалуы мүмкін еді.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер өртті тез ауыздықтады. Ал құтқарылған ер адам ауруханаға жатқызылды. Қазір жедел жәрдем ауруханасында дәрігерлердің бақылауында. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы ерлігі мен адам өмірін сақтап қалғаны үшін 30 жастағы Еркебұлан Жанахметовті марапаттау туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне ұсыныс жолдады.