Жүкті әйелін терезеден секіруге мәжбүрлеген полицей қызметінен босатылды

Зардап шеккен келіншек қазір ауыр жағдайда ауруханада жатыр
Sputnik
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қызылорда қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері әйелін ұрып-соққаны үшін қызметінен босатылды. Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Қызылорда полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
"2022 жылдың 4 қарашасында ол әйелінің аяғы ауыр екенін біле тұра, оны басынан ұрып, тұншықтырған. Күйеуінің соққысынан қорғануға тырысқан әйел терезе жанына жақындаған сәтте құлап кеткен. Оны күйеуі итеріп жіберген болуы да ықтимал", - деп жазды құқық қорғаушы Telegram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Дина Таңсәрінің айтуынша, қазір Қазақстан Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша тергеу жүргізіліп, тиісті сараптамалар алынды.
"Мен дәрігерлердің қорытындысымен таныстым. Өз-өзіне қол жұмсау туралы бірде-бір сөз жоқ. Барлық дене жарақаты жәбірленушінің құлағанын немесе оны біреу итеріп жібергенін айғақтап тұр. Тәжірибелі және білікті мамандар әділ сараптама қорытындысын шығарады деп үміттенемін. Әйелдің жағдайы ауыр", - деп жазды Таңсәрі.
Еске салсақ, Қызылордада 21 жастағы жүкті әйел үшінші қабаттан секіріп кетті. Күйеуінен үнемі зорлық-зомбылық көрген келіншек бұл қадамға өмірін сақтау үшін барған.
"Мен суицид жасамадым. Тек өмірімді сақтап қалғым келді. Өйткені күйеуім мені өлтірмек болды. Есіктен қашып шығайын десем, үйдің кілтін алып алған. Ол суицидке итермеледі деген баппен айыпталды. Ол суицидке итермелеген жоқ, өлтірмек болды. Мен екі жасар ұлымды тастап, өз еркіммен ешқашан өлмеймін", - деді жәбірленуші.
Қызылордада полицей жүкті әйелін терезеден секіруге мәжбүрледі