Президент сайлауы - 2022

Қазақстан азаматтары Токио мен Сеулде алғашқы болып дауыс берді

Sputnik
АСТАНА, 20 қараша - Sputnik. Қазақстан Республикасының Жапония мен Корея Республикасындағы азаматтары ҚР президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс беру құқығын алғашқылардың бірі болып пайдаланды.
Осылайша, Токио қаласында сайлауда дауыс берген алғашқы қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау болды.

"Сайлауға қатысу әрбір азаматтың борышы, мемлекет алдындағы парызы деп ойлаймын. Біз өз таңдауымызды жасап, мемлекеттік іске белсенді араласуымыз керек. Менің ойымша мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен іргесінің берік болуына әркім өз үлесін қосу қажет. Міне, сондықтан да бүгін кәсіпкер ретінде Токиода іс-сапармен жүріп, өз дауысымды ел болашағы үшін беруді жөн көрдім", - деді Сырымбек Тау.

Оңтүстік Кореяның астанасындағы №258 учаскеге алғашқы болып қазақстандық Юрий Цой келді. Ол Сеулде 5 жылдан астам уақыт тұрып, кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
"Мен әрқашан Қазақстандағы жаңалықтарды белсенді қарап отырамын және елдегі оң өзгерістерді көріп жүрмін. Сондықтан бүгін Қазақстан Республикасы президентінің сайлауында дауыс беруге шешім қабылдадым", - деді кәсіпкер.
Министрліктің хабарлауынша, уақыт белдеуіне сәйкес, шетелдегі алғашқы сайлау учаскесі Токиода (Жапноия) таңғы 7.00-де Астана уақытымен таңғы 04.00-де ашылады. Ең соңғы сайлау учаскесі Сан-Францискода (АҚШ) сағат 20.00- да жабылады, бұл Астана уақытымен 21 қарашаның таңғы сағат 09.00 уақыты болады.