АСТАНА, 20 қараша — Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сайлаудан кейінгі инфляция туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін вице-премьер №393 сайлау учаскесінде дауыс берді. Одан кейін журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. Соның бірі - инфляция мәселесі.
Жылдың соңында қымбатшылық шарықтау шегіне жетеді деген болжам бар.
"Қазір инфляцияның деңгейі 18,8 процент болып тұр. Өздеріңіз білесіз, үкімет кешенді жоспарды бекітті. Онда төрт жылда атқарылатын 67 іс-шара бар. Соны орындасақ, тауық еті, алма, балық, ірімшік, сүзбеден импорттық тәуелділіктен толығымен кетеміз",- деді Жұманғарин.
Тілшілер инфляцияның шарықтау шегінде қымбатшылық қанша процент болатынын сұрады. Вице-премьердің айтуынша, үкімет қазіргі деңгейден асырмауға тырысады.
"Қазіргі мақсат - жылдың аяғына дейін осы инфляция деңгейінен аспау. Сол деңгейде қалдыруға тырысамыз. Келесі жылда қолға алып жатқан реформалар әсер етеді деп ойлаймыз. Қазір әрбір журналистің, әрбір адамның сұрайтын маңызы мәселесі, ол - баға қашан тұрақталады? Әрине, ол өзіміздің ауыл шаруашылығына байланысты, себебі қазіргі кезде біз импортқа тәуелдіміз. Сол тәуелділіктен кетуіміз керек. Біз қазір біраз реформаларды бастадық. Бір-екі жылдың ішінде өзгерістерді көреміз деп есептейміз", - деп атап көрсетті Жұманғарин.