Түркістан облысында 20 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген шетелдік қолға түсті

Sputnik
АЛМАТЫ, 20 қараша – Sputnik. Түркістан облысының Жетісай ауданында 20 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген шетелдік қолға түсті, деп хабарлады Polisia.kz.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қылмыстық іс бойынша жедел іздестіру кезінде 20 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматын анықтады. Шетелдікке 2002 жылы "адам өлтірді" деген айып тағылған.
"Ер адам 2002 жылы көрші мемлекетте адам өлтіргені үшін халықаралық іздеуде болған. Нәтижесінде 20 жылдан кейін қылмыскерді Түркістан облысы ПД полицейлері ұстады. Тәртіп сақшылары ұсталған шетелдіктің жеке басын анықтау және қажетті құжаттарды жинақтау мақсатында аудандық полиция бөліміне жеткізді",- деп мәлімдеді басқарма бастығы Сұлтанбек Үсіпбеков.
Ер адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.