АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қазақстанның шет елдердегі өкілдіктері жанынан құрылған 68 сайлау учаскесінің 10-ы жабылды. Кешкі жетідегі жағдай бойынша 7 400 қазақстандық дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 53 мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылғанын атап өтті. Сайлаушылар тізіміне барлығы 12 841 қазақстандық енген.
"Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша Корея, Жапония, Бейжің, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Гонконг, Шанхай, Таиланд және Индонезияда 10 учаскелік сайлау комиссиясы жұмысын аяқтады. Қазақстанның 7 400 азаматы дауыс берді, бұл тіркелген сайлаушылардың 57 пайызын құрайды", - деді Василенко Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Айтуынша, шетелде қазір 57 учаске жұмыс істеп тұр. Сан-Францискодағы бір учаске әлі ашылған жоқ.