АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қазақстанда 8150 сайлау учаскесі ашылды. Сонымен қатар 11 шет мемлекетте де дауыс беру басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, астана уақытымен таңғы 07.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде 8150 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Сонымен қатар 11 шет мемлекетте Қазақстанның өкілдіктері жанынан 12 учаске ашылды", - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.
86 учаскеде аумақтық комиссиялардың шешімімен дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы 06.00-де басталды.
Сондай-ақ, Петровтың айтуынша, бес өңірде – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 1883 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіде, астана уақытымен таңғы сегізде басталады.
Жалпы республика бойынша 10101 сайлау учаскесі жұмыс істейді. 53 шет мемлекетте 68 учаске ашылады.