АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қазақстанның бүкіл өңірінде дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін елорда уақытымен кешкі сағат сегізде он бес өңірде дауыс беру аяқталған еді. Сайлау учаскелерінің мүшелері дауыс санауға кірісті.
Ал бес өңірде – Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында сайлау учаскелері Астана уақытымен 21.00-де, ал жергілікті уақытпен 20.00-де жабылды. Олар уақыт белдеуіндегі айырмашылыққа байланысты бір сағатқа кеш ашылған болатын.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, сағат 20.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 69,31%-і немесе 8 282 607 азамат дауыс берді.
Дауыс беруге келген сайлаушылар саны жағынан Жетісу (81,43%), Абай (80,18%), Қызылорда (80,31%) және Түркістан (80,37%) облыстары көш бастады.
Ең төмен көрсеткіш – Алматы (28,72%) мен Астана (48,67%) қалаларында.
Шет елдерде дауыс беру процедурасы әлі жүріп жатыр.
Халық жаңа президентті алты кандидаттың арасынан таңдады. Олардың ішінде қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Сондай-ақ саяси додада екі әйел кандидат бақ сынады.
Сайлауға түскен үміткерлер:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан);
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі);
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы);
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы).
Биыл алғаш рет халыққа бюллетеньде "Бәріне қарсымын" деген тармақты таңдау мүмкіндігі берілді.
Айта кетері, Конституцияға сәйкес, жаңа президент жеті жылға және тек бір мерзімге сайланады.
Кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 20,5 миллиард теңге жұмсалды.