АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров талапқа сай келмейтін этникалық қазақ әйелін президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бірнеше рет бас тартуға тура келгенін айтты.
Ол бұл әйелдің шетелдікке тұрмысқа шығып, Қазақстанда 15 жылдан бері тұрмағанын айтты. Осыған қарамастан ол кандидат ретінде тіркелу туралы өтінішті қабылдауды, тіпті Конституцияны өзгертуді талап еткен.
Мұндай табандылық танытқан Польша азаматына тұрмысқа шыққан, қазір сол елде тұратын Балли Мажец (Балжан Наурызбаева) болса керек. Ол саяси белсенді және бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Польша президенттігіне үміткер болуға тырысқан.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы ертең, 20 қарашасында өтеді. Ал бүгін - тыныштық күні.