АЛМАТЫ, 18 қараша – Sputnik. Алматы облысы Талғар қаласындағы мектепте сығылысқан оқушылар құлап қалған қызды басып кете жаздады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға 17 қараша күні №3 орта мектебінде екінші ауысымның сабағы аяқталғанда болды. Үйіне қайтуға асыққан оқушылар киім ілетін орында сығылысып қалған. Салдарынан 6-шы сынып оқушысы аяқ астында қалды.
Видеодан лап қойған оқушылардың қыздың үстінен аттап өтіп жатқанын көруге болады.
Мектеп әкімшілігінің айтуынша, білім ордасында гардеробшы маманы жоқ.
"Оқиға болған кезде кезекші мұғалім оқушыларды қадағалап тұрған. 6-шы сынып оқушысы сол жерде құлап қалды. Оған кезекші мұғалім мен сыныптастары көмектесіп, орнынан тұрғызды. Оқушы есін жоғалтқан жоқ", - деп мәлімдеді мектеп директоры.
1170 оқушыға лайықталған №3 Абай атындағы орыс мектебінде 2054 оқушы білім алып жатыр.
Мектепте болған оқиғаға қатысты оқушының ата-анасы баласына еш зақым келмегенін айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Сондай-ақ оқушы қыз да еш жері ауырмайтынын айтты.
Мектеп директорына Еңбек кодексінің 64-бабының 2-тармағына сәйкес, тәрбие жұмысындағы олқылықтары үшін сөгіс жарияланып, еңбек қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қазіргі күні мектепте оқушылармен және ата-аналармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.