АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. 19 қараша елімізде кезектен тыс президент сайлауы алдындағы тыныштық күні жарияланды.
Тыныштық күні дегеніміз не
Дауыс беру күні қарсаңындағы күнді тыныштық күні деп атайды. Өйткені заңға сәйкес, сайлауға бір күн қалғанда және дауыс беру күні кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынады.
Тыныштық күні үгіт-насихат плакаттары алынып тастала ма
Сайлау туралы заңға сәйкес, сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.
Яғни тыныштық күні көшелерде ілініп тұрған үгіт плакаттары мен өзге де көрнекі ақпараттарды алып тастау міндетті емес. Ең бастысы, орны ауыспауға тиіс. Оны басқа жерге ілу заңбұзушылық болып саналады.
Интернетте бұрын жарияланған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бірақ оларды интернет-ресурстардың басты бетіне шығаруға жол берілмейді.
Сауалнама жүргізуге рұқсат етіле ме
Дауыс беру күніне бес күн қалғанда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен интернетте қоғамдық пікірге сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға қатысты басқа да зерттеулерді жариялауға болмайды.
Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пункте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.
Сауалнаманы Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізуге құқылы. Ол үшін мұндай ұйымдар Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар етіп, тиісті құжаттардың көшірмелерін ұсынуға тиіс.
Заң бұзғандар қандай жауапқа тартылады
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102-бабында сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзгені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Атап айтқанда, сайлау болатын күні не оның қарсаңындағы күні сайлау алдындағы үгітті жүргізгені үшін айыппұл салынады:
жеке тұлғаларға – 15 АЕК немесе 45 945 теңге;
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК немесе 61 260 теңге;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК немесе 76 575 теңге;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК немесе 107 205 теңге.
Қазақстандықтар жеті жылға президент сайлайды
Кезектен тыс президент сайлауы 20 қараша, жексенбі күні өтеді.
Сайлауға алты кандидат түседі:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан);
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі);
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы);
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы).
Биыл президент сайлауының бюллетеніне алғаш рет "Бәріне қарсымын" тармағы қосылып отыр.
Конституцияға сәйкес, осы жолы мемлекет басшысы жеті жылға және тек бір мерзімге сайланады.